Наразылық акцияларын кәсіподақтар, жастар ұйымдары және «сары жилеттілер» қозғалысы ұйымдастырды. Шерулер 2018 жылы басталған «сары жилеттілер» қозғалысының сегіз жылдығымен тұспа-тұс келді.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, ел бойынша наразылық акцияларына 150 мың адам қатысқан. Бұл өткен сенбідегі көрсеткіштен төмен. Франция Ішкі істер министрлігі бір апта бұрын шеруге шамамен 106 мың адам шыққанын хабарлаған еді.
Ал қазан айының ортасында наразылық шарықтау шегіне жетіп, билік 550-575 мың адамның қатысқанын тіркеген.
Парижде Республика алаңынан Ұлт алаңына дейін өткен рұқсат етілген шеруге полиция префектурасының мәліметінше, 21 500 адам қатысты. Ұйымдастырушылар елордадағы қатысушылар санын 45 мың деп бағалады. Бір апта бұрын Парижде шамамен 24 мың адам шеруге шыққан.
– Ресми шеру белгіленген бағыт бойынша оқыс оқиғасыз өтті. Алайда қаланың басқа аудандарында бетперде киген топтар рұқсат етілмеген шерулер ұйымдастыруға тырысты, – деп мәлімдеді Париж полициясы.
Күннің алғашқы жартысында жағдай салыстырмалы түрде тыныш болған. Сағат 14:00-дегі мәлімет бойынша, Парижді есептемегенде, елде 44 наразылық акциясы өтіп, оған шамамен 2200 адам қатысқан. Осы уақытта жеті адам ұсталған.
Ал сағат 18:00-ге қарай ел бойынша 112 акция тіркеліп, ұсталғандар саны 144 адамға жетті.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін шамамен 70 мың полиция қызметкері мен жандарм жұмылдырылды.
Гренобль, Лилль, Бордо, Марсель және басқа да қалаларда жекелеген қақтығыстар тіркелді. Кей жерлерде қоқыс контейнерлері өртеліп, полиция көзден жас ағызатын газ қолданған. Дегенмен жалпы алғанда, бұл жолғы наразылықтар алдыңғы сенбілермен салыстырғанда тыныш өтті.
Шеруге қатысушылар жалақыны көтеруді, мемлекеттік қызметтерді қорғауды, білім алу мен тұрғын үй жағдайын жақсартуды талап етті.
Наразылық акцияларына CGT, CFDT, FO кәсіподақтарының өкілдері, студенттер мен лицей оқушыларының ұйымдары, сондай-ақ «сары жилеттілер» қозғалысының мүшелері қатысты.
Ұйымдастырушылар келесі ауқымды наразылық акциясын 1 желтоқсанға жоспарлап отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Францияда 31 қазанда өткен наразылық акцияларына шамамен 320 мың адам қатысып, 300-ге жуық адам ұсталғаны хабарланған еді.