Францияда оппозицияның үкіметке сенімсіздік вотумын жариялауы сәтсіз аяқталды

Фото: Анадолу

АСТАНА. KAZINFORM — Францияда 2026 жылға арналған бюджетті Ұлттық жиналысты айналып өтіп қабылдаған үкіметке сенімсіздік вотумын жариялау жөніндегі оппозиция әрекеттері депутаттардың жеткілікті қолдау көрсетпеуіне байланысты сәтсіздікке ұшырады. Бұл туралы Анадолу жазды.

Францияның премьер-министрі Себастьян Лекорнюге сенімсіздік білдіру туралы екі резолюцияны әсіресолшыл «Бағынбаған Франция» (LFI) партиясы мен әсіреоңшыл «Ұлттық бірлік» (RN) партиясы ұсынды. Екі ұсыныс та Ұлттық жиналыста дауысқа салынды.

LFI ұсынған сенімсіздік резолюциясын 260 депутат қолдаса, RN бастамасын 135 депутат қолдады. Үкіметтің отставкаға кетуі үшін қажетті 289 дауысқа бірде-бір резолюция жете алмады. Екі вотумның да өтпей қалуында Социалистік партия (PS) депутаттарының үкіметті қолдауы шешуші рөл атқарды.

Қаңтар айында Себастьян Лекорню оппозициямен ымыраға келе алмауына байланысты Конституцияда көзделген өкілеттігін пайдаланып, 2026 жылға арналған бюджет жобасы туралы заңды парламентте дауыс берусіз қабылдайтынын мәлімдеген еді.

Франция Конституциясының 49-бабының 3-тармағына сәйкес, үкімет Ұлттық жиналыста дауыс берусіз заң қабылдауға құқылы. Ал жауап ретінде оппозиция сенімсіздік вотумын енгізе алады.

Егер сенімсіздік резолюциясын депутаттардың басым көпшілігі қолдаса, үкімет отставкаға кетеді. Ал вотум қажетті көпшілікке ие болмаса, заң дауыс берусіз қабылданды деп есептеліп, Сенатқа жолданады. Соңғы екі жыл қатарынан Францияда билік пен оппозиция арасында бюджеттік мәселелер бойынша келісімге қол жеткізу мүмкін болмай отыр. Бұл жағдай созылмалы саяси тұрақсыздыққа және үкіметтің әлсіреуіне алып келе жатыр.

Еске сала кетсек, былтыр күзде Чехия Президенті үкіметтің отставкасын қабылдады.

Ал осы жылғы қаңтар айында Йемен үкіметі отставкаға кетті.