Хакерлер сауда орындарындағы тоңазытқыш жабдықтарының температурасын реттейтін бағдарламалық жасақтаманы бақылауға алған. Зардап шеккен сауда желілерінің бірінің мәліметінше, кейбір тоңазытқыштардың температурасы түн ішінде Цельсий бойынша 50 градусқа дейін көтерілген.
Coopérative U компаниясының бас директоры Доминик Шельше бірнеше супермаркетке жасалған шабуылды бұрын-соңды болмаған аса ауыр оқиға деп бағалады.
Кибершабуыл Coopérative U желісінің 100-ден астам супермаркетіне, сондай-ақ Intermarché және оған тиесілі Netto брендінің 180 дүкеніне әсер еткен. Intermarché өкілінің айтуынша, осындай шабуылдардың алдын алу үшін тағы 100 дүкен шұғыл түрде интернеттен ажыратылған.
Carrefour компаниясы өзіне тиесілі 6 мың дүкеннің 80-інде тоңазытқыштарды басқару жүйесі бұзылғанын хабарлады. Ал Monoprix желісінде 400-ден астам дүкеннің 5 пайызы кибершабуылдан зардап шеккен.
Қауіпсіздігіне кепілдік беру мүмкін болмаған азық-түлік өнімдері саудадан алынды.
Intermarché және Netto желілеріне иелік ететін Mousquetaires тобы BBC-ге берген мәлімдемесінде дүйсенбі күні түстен кейін де кейбір тоңазытқыштар мен мұздатқыш витриналары жұмыс істемей тұрғанын жеткізді.
Компания өкілдері дүкендердің барлық қажетті сақтық шараларын қабылдап, аталған тоңазытқыштардағы өнімдерді алып тастағанын атап өтті. Қызметкерлер сөрелерді мүмкіндігінше тезірек қайта толтыру үшін жұмыс істеп жатыр.
Тергеу мәліметінше, кибершабуылдың негізгі нысанасы Данияның Danfoss инженерлік компаниясы әзірлеген бағдарламалық жасақтама болған.
Бұл жүйе сауда желілеріне тоңазытқыш жабдықтарын қашықтан басқаруға мүмкіндік береді.
Әдетте супермаркеттердегі мұздатқыш камералар түнде қысқа мерзімді жібіту кезеңінен өтеді. Осы уақытта олардың температурасы аздап көтеріледі.
Алайда хакерлер жабдықтардың қызуын күшейтіп, жоғары температураның ұзақ уақыт сақталуына ықпал еткен.
Кибершабуылдың толық ауқымы әзірге анықталған жоқ. Дегенмен жекелеген сауда желілерінің мәліметтері Франциядағы шамамен 15 мың супермаркеттің 400-ге жуығы зардап шеккенін көрсетеді.
Франция прокуратурасы киберқылмысқа қатысты жеке тергеу бастады.
Париж прокуратурасы бұл оқиғаны ел аумағындағы бірнеше ірі азық-түлік сауда желісінің тоңазытқыш жабдықтарына жасалған ауқымды кибершабуыл деп сипаттады.
Еуропалық комиссияның ауыл шаруашылығы және азық-түлік мәселелері жөніндегі комиссары Кристоф Хансен X әлеуметтік желісінде шабуылды айыптады.
– Азық-түлік қауіпсіздігі барлық деңгейде ерекше назар аударуды талап етеді. Өйткені азық-түлікті қаруға айналдыру шындыққа айналды, – деп жазды ол.
Coopérative U компаниясының бас директоры Доминик Шельше де X желісінде қызметкерлердің жағдайды қалпына келтіруге толық жұмылдырылғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, компания мамандары тоңазытқыш жабдықтарына қызмет көрсететін сарапшылармен бірлесіп, жүйелердің қалыпты жұмысын мүмкіндігінше тезірек қалпына келтіруге күш салып жатыр.
Сондай-ақ ол кибершабуылға қатысты жан-жақты тергеу жүргізуге шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін Францияда салық қызметінің ақпараттық жүйесіне жасалған кибершабуыл салдарынан шамамен 678 мың жеке тұлға мен компанияның деректері зардап шеккені хабарланған болатын.