Франциядағы наразылықтар: Марсельде Rolex пен Louis Vuitton бутиктері тоналды

АСТАНА. KAZINFORM — Франция президенті Эмманюэль Макрон 17 қазандағы наразылық акциялары кезінде болған жаппай тәртіпсіздіктерден бір апта өткен соң Марсель қаласына барады. Бұл туралы Елисей сарайының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған француздық бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады. Ақпаратты Report агенттігі таратты.

Фото: ЖИ

Сапар барысында Макрон Марсель қаласының мэрі Бенуа Паянмен кездеседі.

Елисей сарайының хабарлауынша, мемлекет басшысы 17 қазандағы тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккен қала әкімдігіне барады. Сондай-ақ тонау мен бұзақылық әрекеттерінен зардап шеккен дүкен иелерімен кездесіп, қоғамдық тәртіпті қалпына келтіруге үлес қосқан ішкі қауіпсіздік күштеріне алғыс білдіреді.

Бұған дейін Марсель мэрі Бенуа Паян наразылық акциялары кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге жұмылдырылған полиция қызметкерлерінің саны жеткіліксіз болғанын айтып, наразылығын білдірген еді.

Оның пікірінше, 30 мың адам қатысқан наразылық акциялары кезінде, соның ішінде 8 мың адамның тәртіпсіздіктерге қатысқаны ескерілсе, 434 ұлттық полиция қызметкері, арнайы мобильді полиция бөлімшесінің (CRS) 240 қызметкері және 150-ден сәл астам жандарм қауіпсіздікті толық қамтамасыз ете алмаған.

Бағаның өсуіне, өмір сүру құнының қымбаттауына және халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуіне қарсы шыққан наразылық білдірушілер қала әкімдігінің ғимаратын қиратқан.

Бұдан бөлек, белгісіз адамдар мен тәртіпсіздікке қатысушылар Rolex және Louis Vuitton бутиктерін қоса алғанда, қымбат тауарлар сататын дүкендерді тонаған. «Марсель» футбол клубының ресми дүкені де айтарлықтай зақымданып, уақытша жабылуға мәжбүр болған.

Марсель сауда-өнеркәсіп палатасының мәліметінше, қала орталығында шамамен 500 дүкен тоналған.

Франциядағы жаппай тәртіпсіздіктер қоғамдағы әлеуметтік қайшылықтарды ушықтырып, президент сайлауы қарсаңындағы саяси тартысты күшейтті. Тұрмыс құнының қымбаттауына және мемлекеттік шығындардың қысқаруына қарсы наразылықтардың астарында әлдеқайда күрделі мәселелер жатыр. Олардың қатарында радикалды қозғалыстардың күшеюі мен иммигранттар қауымдастығының француз қоғамына бейімделуіндегі қиындықтар бар. Бұл мәселелердің өзара байланысы және олардың Францияның саяси болашағына ықпалы туралы Kazinform агенттігінің халықаралық шолушысының талдау мақаласынан оқыңыз.