Өрт Сомо коммунасы маңындағы 900 гектар аумақты шарпыған. Тілсіз жау Аркашон шығанағының солтүстігіне қарай таралып жатыр.
Жергілікті префектура көршілес Порж коммунасының 700 тұрғынын эвакуациялау туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар жақын маңдағы кемпингтен 3,5 мың адам және көшпелі елді мекен тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріліп, Лакано коммунасына жеткізілді.
Өртті сөндіруге 500 өрт сөндіруші, 4 ірі өрт сөндіру ұшағы және төрт жеңіл моторлы ұшақ жұмылдырылды. Жақын уақытта оқиға орнына тағы 200 өрт сөндіруші келуі тиіс.
Бұған дейін Франция президенті Эмманюэль Макрон Париждің «жасыл өкпесі» саналатын Фонтенбло орманының 10 пайызы өрт салдарынан күлге айналғанын мәлімдеген болатын.
Қазір біраз елде ормандар өртеніп жатыр. Мәселен, Алжирдің солтүстік және солтүстік шығыс аумағындағы ормандардан өрт шықты. Тілсіз жаудан 6 адам көз жұмып, 100-ге жуық тұрғын зардап шекті.