Бұл туралы Kazinform агенттігі Euronews басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Франция сақтандырушылар федерациясы (France Assureurs) келтірген алдын ала мәліметке сәйкес, аталған оқиғаларға байланысты 5 280 сақтандыру жағдайы тіркелген. Шығын көлемі 12 қарашаға дейін жиналған деректер негізінде есептелген.
Жалпы шығынның 95 пайыздан астамы, яғни 198 млн еуросы кәсіпорындар мен кәсіпкерлердің мүлкіне келген залалға тиесілі. Бұл санат бойынша 4 050 сақтандыру жағдайы тіркелген.
Жеке тұлғалардың мүлкіне келген шығын 3,5 млн еуроға, ал зақымданған автокөліктерге келген залал шамамен 6 млн еуроға бағаланып отыр.
France Assureurs президенті Флоранс Люстман мұндай ауқымды шығынның қысқа уақыт ішінде келтірілгенін атап өтті.
Салыстыру үшін айтсақ, төрт аптаға созылған 2005 жылғы тәртіпсіздіктер сақтандырушыларға 209 млн еуро шығын әкелген. Ал 2018–2019 жылдардағы «сары кеудешелілер» қозғалысы кезінде келген залал 256 млн еуроны құраған.
Франция үкіметі қазан және қараша айларындағы тәртіпсіздіктерден зардап шеккен шағын бизнеске қаржылай көмек көрсететінін де мәлімдеді.
Қызметкерлер саны 50-ден аз кәсіпорындар 1 000-нан 10 000 еуроға дейін субсидия ала алады. Көмек мөлшері келтірілген шығынға, зақымдану сипатына және басқа бағдарламалар аясында қолдау алу мүмкіндігіне қарай белгіленеді.
Бұдан бөлек, мемлекеттік Bpifrance инвестициялық банкі 50 000 еуроға дейінгі пайызсыз несие беру бағдарламасын іске қосты. Қаражат, атап айтқанда, Рождество мерекесі қарсаңында тауар қорын қалпына келтіруге жұмсалмақ.
Францияда жоғары сынып оқушыларының наразылығы өтіп жатқаны туралы жаздық. Олар мектептердің кіреберісін жауып, мұғалім жетіспеушілігін жоюды, білім саласына бөлінетін қаржыны көбейтуді және оқу жағдайын жақсартуды талап етті.
Макрон Франциядағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқандарды жазалауға уәде берді.
Кейінірек Франция билігі оқушылардың талабына көнді.