Францияның жаңа премьер-министрі үкімет мүшелеріне берілетін «өмір бойғы» жеңілдіктерді алып тастамақ
АСТАНА. KAZINFORM — Жуырда тағайындалған Франция Үкіметінің басшысы Себастьян Лекорню бұрынғы үкімет мүшелеріне берілетін өмір бойғы жеңілдіктердің күшін жоятындығын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Француз үкіметінің бұрынғы мүшелеріне арналған артықшылықтар 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жойылады.
Бұл туралы Себастьян Лекорню өзінің X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі парақшасында растады:
– Мемлекет шенеуніктерге қауіп төнген жағдайда қорғауы тиіс болғанымен, уақытша лауазым иелерінің өмір бойы жеңілдіктерді пайдалануы – ақылға сыйымсыз, – деп жазды ол.
Премьер-министр атап өткендей, мұндай жеңілдіктердің бірі – полициялық қорғау, алдағы уақытта ол тек бұрынғы премьер-министрлер мен ішкі істер министрлеріне ғана шектеулі мерзімге беріледі және нақты қауіп-қатердің деңгейіне қарай ғана ұзартылатын болады.
Қазіргі уақытта Францияда үкіметтің бұрынғы мүшелері қызметтік көлік пен жүргізушіні, сондай-ақ жеке хатшыны 10 жылға дейін, бірақ 67 жасқа толғанға дейін пайдалана алады.
2019 жылы француз үкіметі бұрынғы шенеуніктердің қызметтік көлігі мен көмекшілері үшін шамамен 1,6 млн еуро, ал олардың полиция қорғауы үшін тағы 2,8 млн еуро жұмсаған.
Алайда, жаңа премьер-министр Себастьян Лекорню бюджет тапшылығын азайту үшін мемлекеттік екі мерекені алып тастау туралы бұрынғы үкімет басшысы Франсуа Байру ұсынған идеядан бас тартты.
Еске сала кетейік, бұған дейін Франция БҰҰ-ның «екі мемлекет» декларациясына бірауыздан қолдау білдіргенін жазған едік.