НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Футболдан «Ақтөбе» клубының бас бапкері, белоруссиялық маман Алексей Бага қызметінен кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ақтөбе» футбол клубы мәлім еткеніндей, тараптар өзара осындай шешімге келген.
Футболдан Қазақстан чемпионатының оныншы турында Талдықорғанда «Жетісумен» өтетін ойында бас бапкер міндетін Владимир Зеленовский атқаратын болатын. Ол бірінші лигада да осындай қызметті уақытша қолға алған еді.
Ел біріншілігінде төрт тур қатарынан жеңіліске ұшыраған ақтөбеліктер турнир кестесінде 9 ұпаймен оныншы орында келеді.
Сонымен қатар «Ақтөбе» футбол клубы белгілі қазақстандық аяқдоп шебері Юрий Логвиненкомен келісімшартқа қол қойылғанын жария етті.
Осылайша Ақтөбе футболының түлегі Ю.Логвиненко өз командасына қайта оралып отыр. Ол Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 49 матч өткізіп, 5 гол соқты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ковталюктың үш добы «Ақжайыққа» жеңіс әпергенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).