ОРАЛ. ҚазАқпарат - Түркияда екінші оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан «Ақжайық» бразилиялық Мелло Корбеллинимен келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Бразилияның Порто Алегре қаласында 1992 жылы дүниеге келген М.Корбеллини - қазіргі кезде Италия елінің азаматы.
Атақты «Ботафого» футбол клубының мектебінен өткен ойыншы өзінің туған командасының негізгі құрамына іліге алмады. 2012 жылы мұхит асып, Португалияға келген ол жергілікті «Ос Лимианос» клубының сапында 9 ойын өткізіп, екі гол соқты. Кейін Польша чемпионатында өнер көрсететін «Рух» клубына ауысты. Мұнда 27 матчта 4 голдың авторы атанды. «Ақжайыққа» келгенге дейін Польшаның жоғары дивизионында ойнайтын «Заглембе» футбол клубының намысын қорғады.
Бүгін Сергей Зайцевтің шәкірттері оқу-жаттығу жиынындағы соңғы жолдастық кездесуін «Днепр» (Украина) командасымен өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайыққа» жаңа ойыншылар алынғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).