ОРАЛ. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан чемпионатының жетінші турында «Астана» клубы өз алаңында «Ақжайықты» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елордалықтар турнир кестесінде жекедара көш бастаса, оралдықтар тоғызыншы орында тұрған-ды.
Бірінші тайм басында Марин Томасовтан пас алған Армения құрамасының шабуылшысы Тигран Барсегян қақпа бұрышын дәл көздеді – 1:0.
Екінші таймда «Ақжайықтың» бас бапкері Владимир Мазяр біраз ойыншыны алмастырып, матчқа тың леп беруге тырысты. Қонақтардың бірнеше соққысынан кейін доп «Астананың» қақпашысы Дмитрий Непогодовтың қолынан табылып жатты. Сол сияқты Сергей Литовченко да бұдан кейін өз қақпасына доп жіберген жоқ.
Осылайша 1:0 есебімен жеңіске жеткен елордалықтар 20 ұпаймен оқ бойы ұзап кетті. Өйткені екінші орындағы Қостанайдың «Тобылы» Ақтауда «Каспийден» 1:2 есебімен ұтылып қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» өз алаңында «Ақтөбені» жеңгенін жазған болатынбыз.
Суреттер: Айбатыр Нұраш
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).