Аталмыш финалдық ойын Әзербайжан астанасы - Баку қаласында өткізілді. Сол қаладағы Олимпиадалық стадионға жиналған 70 мыңға жуық жанкүйер қызықты ойынды тамашалауға мүмкіндік алды. Олардың арасында қос команданың өз жанкүйерлері бар. Сондай-ақ, әлемнің көптеген елдерінен келген азаматтар да аз емес.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, екі команда бүгінгі күнге дейін 198 мәрте өзара шеберлік байқасты. Бұл ойындарда «Челси» 63 мәрте жеңіске жетсе, «Арсенал» 76 рет мықты екенін көрсетті. Ал 59 кездесуде жеңімпаз анықталған жоқ.
Болжам жасаушылар бүгінгі кездесуде екі команданың да жеңімпаз атануға мүмкіндігі бірдей екенін айтты. Әрине, оны жасыл алаң төріндегі шеберлер тартысы анықтап берді. Сондай-ақ, бүгінгі кездесу УЕФА Еуропа лигасы бомбардирін анықтады Бұған дейін «Челси» шабуылшысы Оливье Жирудің еншісінде 10 гол болса, «Арсенал» футболшысы Пьер-Эмерик Обамеянг 8 голдың авторы атанды. Ендеше, олар бүгінгі кездесуде сол көрсеткішін жаңалауға мүмкіндік алатын еді. Екі ойыншы да негізгі құрамда жасыл алаңғы шықты. Бірінші кезеңде олар қарсыластар қақпасын дәл көздей алған жоқ. Десе де екінші кезеңде Оливье Жиру 11-голын соғып, аталмыш бәсекенің сұрмергені екенін тағы бір мәрте дәлелдей түсті.
Биыл УЕФА Еуропа лигасында жеңімпаз атанған команданың алдағы футбол маусымында УЕФА Чемпиондар лигасында бақ сынауына жол ашылады. «Арсенал» Англия Премьер-лигасында бесінші орынды қанағат тұтты. Бұл арқылы аталмыш команда УЕФА Чемпиондар лигасына шыға алмайды. Ал «Челси» өз елінің біріншілігінде үшінші орын алды. Сондықтан олар УЕФА Чемпиондар лигасында бақ сынауға мүмкіндік туып отыр. Дегенмен ондай мүмкіндіктен «Арсенал» құр қалды.
«Арсеналдың» бас бапкері Унаи Эмеридің УЕФА Еуропа лигасы кубогын иелену жөнінен тәжірибесі мол. Ол бүгінгі күнге дейін бас бапкер есебінде Испанияның «Севилья» командасымен бірге 2013/2014, 2014/2015, 2015/2016 жылғы кезеңде қатарынан үш мәрте жеңімпаз тұғырынан көрінген болатын. Дегенмен биыл «Арсенал» командасын сондай жетістікке жеткізе алған жоқ. Бұған дейін мұндай табыс биігінен көріне алмай келген Маурицио Сарри есесіне «Челсиді» осылайша қуанышқа кенелтті.
Бірінші кезеңнің алғашқы отыз минутында «Арсенал» басым ойнады . Дегенмен одан кейін «Челси» ойын тізгінін қолға алды. Екінші кезең бастала салысымен олар есеп ашты. Ойынның 49-минутында «Челси» шабуылшысы Оливье Жиру баспен гол соғып, өз командасын алға шығарды. Ал 60-минутында оның әріптесі Педро Родригес есепті үстемелей түсті. Ал 65-минутта «Арсенал» қақпасына пенальти белгіленді. Оны Эден Азар мүлтіксіз орындады. Бұдан кейін «Арсенал» ойыншылары алға ұмтылды. Олардың қатарынан 69-минутта Алекс Айуоби есеп айырмасын қысқартқан еді. Десе де 72-минутта «Челси» тағы бір гол салып кетті. Бұл гол Эден Азардың еншісіне жазылды. Осылайша «Челси» «Арсеналдан» 4:1 есебімен басым түсті.
Енді 1 маусым күні Испанияның Мадрид қаласындағы «Метрополитано» стадионында УЕФА Чемпиондар лигасының финалы өтеді. Ақтық сайыста Англияның тағы екі клубы «Ливерпуль» пен «Тоттенхэм Хотспурс» командалары кездеседі.