Еуропа лигасы: «Челси» және «Арсенал» бірінші кезеңде гол соға алмады

БАКУ. ҚазАқпарат - Дәл қазір Әзербайжан астанасы - Баку қаласында футболдан УЕФА Еуропа лигасының финалының бірінші кезеңі аяқталды. Финалда Англияның қос клубы - «Челси» және «Арсенал» клубтары кездесіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еуропа лигасы: «Челси» және «Арсенал» бірінші кезеңде гол соға алмады

Айта кетерлігі, бұл кездесуде бір мемлекеттің бір қаласының қос командасы бас бәйгені сарапқа салуға мүмкіндік алған . Мұндай ерекше жағдай бұрын-соңды болған емес.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, «Челси» аталмыш жарыста бір мәрте жеңімпаз атанып үлгерген. Ал «Арсенал» сондай табысқа қол жеткізе алмай келеді. Сондықтан олар үшін бүгінгі кездесудің мәні зор болып отыр. Тағы бір ескерерлік нәрсе, биыл УЕФА Еуропа лигасында жеңімпаз атанған команданың алдағы футбол маусымында УЕФА Чемпиондар лигасында бақ сынауына жол ашылады. «Арсенал» Англия Премьер-лигасында бесінші орынды қанағат тұтты. Бұл арқылы аталмыш команда УЕФА Чемпиондар лигасына шыға алмайды. Ал «Челси» өз елінің біріншілігінде үшінші орын алды. Сондықтан олар УЕФА Чемпиондар лигасында бақ сынауға мүмкіндік туып отыр.

Бүгінгі кездесуде «Арсенал» командасы алғашқы отыз минутта басымдығы байқалып тұрды. Дегенмен одан кейін «Челси» де қарқынын үдетіп, қарсыласының қақпасы маңында көптеген шабуылды ұйымдастыра білді. Десе де бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ.

Қос команда бүгінгі күнге дейін 198 мәрте өзара шеберлік байқасты. Бұл ойындарда «Челси» 63 мәрте жеңіске жетсе, «Арсенал» 76 рет мықты екенін көрсетті. Ал 59 кездесуде жеңімпаз анықталған жоқ.

Болжам жасаушылар бүгінгі кездесуде екі команданың да жеңімпаз атануға мүмкіндігі бірдей екенін айтады. Әрине, оны жасыл алаң төріндегі шеберлер тартысы анықтап береді. Сондай-ақ, бүгінгі кездесу УЕФА Еуропа лигасы бомбардирін анықтауы мүмкін. «Челси» шабуылшысы Оливье Жиру еншісінде 10 гол болса, «Арсенал» футболшысы Пьер-Эмерик Обамеянг 8 голдың авторы атанды. Ендеше, олар бүгінгі кездесуде сол көрсеткішін жаңалауға мүмкіндік алады. Екі ойыншы да негізгі құрамда жасыл алаңғы шықты. Әзірге олар қарсыластар қақпасын дәл көздей алған жоқ.

Жеңімпаз негізгі кезеңде анықталмаған жағдайда тағы да қосымша екі кезең қосылады. Онда да жеңімпаз белгілі болмаса пенальти тебу арқылы чемпион анықталады.