Футбол: Қазақстан қыздары Иорданиямен тең түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркияда өтіп жатқан футболдан «Turkish Women's Cup 2019» халықаралық турнирінде Қазақстан әйелдер құрамасы Б тобындағы екінші ойынын Иорданияға қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Иордания құрамасы әлемдік рейтингте 52-орында келеді. Ал Азия құрлығында алғашқы ондыққа жайғасқан.

Қазақстан мен Иордания құрамалары арасындағы кездесуде алғаш болып иорданиялық қыздар есеп ашты. Ойынның 13-минутында Стефани Аль-Набер өз құрамасын алға шығарды. Ал 31-минутта Қазақстан құрамасы сапынан Камила Құлмағамбетова пенальтиден таразы басын теңестірді. Кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды. Б тобында бүгін тағы бір кездесу Франция мен Солтүстік Ирландия арасында өтіп, француз қыздары оларды 3:1 есебімен тізе бүктірді.

Естеріңізге сала кетелік, 27 ақпанда Қазақстан қыздары Франциядан 0:3 есебімен жеңіліп қалған еді. Ал Иордания Солтүстік Ирландияға 0:6 есебімен ойсырай жеңілді.

Екі турдан кейін турнир кестесінде Франция құрамасы 6 ұпаймен көш бастап тұр. Одан кейінгі орындардағы Солтүстік Ирланднияның 3, Қазақстан мен Иорданияның бір-бірден ұпайы бар.

Ал А тобында екінші турда Үндістан Түркіменстанды 10:0, Румыния Өзбекстанды 1:0 есебімен жеңді.

Қазақстан құрамасы келесі ойынын 3 наурыз күні Солтүстік Ирландиямен өткізеді.