Футбол: Қазақстан қыздары Франциядан жеңіліп қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркияда футболдан «Turkish Women's Cup 2019» халықаралық турнирі басталды. Бүгін Қазақстан қыздар құрамасы Франциямен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футбол: Қазақстан қыздары Франциядан жеңіліп қалды

Аталмыш кездесуде біздің қыздар 0:3 есебімен жеңіліп қалды. Франция құрамасы алғашқы кезеңде қақпамызға бір гол соқса, екінші кезеңде оны тағы екі голмен үстемелей түсті.

Еске сала кетейік, аталмыш халықаралық турнир 27 ақпан мен 5 наурыз аралығында өтеді. Оған барлығы 8 құрама қатысып жатыр. Қазақстан қыздары Франция, Иордания және Солтүстік Ирландиямен бірге Б тобына түсті. Ал А тобында Румыния, Үндістан, Түрікменстан және Өзбекстан құрамалары сынға түседі.

Халықаралық турнирде 27 ақпанда барлық құрама алғашқы ойындарын өткізді. А тобында Румыния Түрікменстанды - 13:0, Өзбекстан Үндістанды 1:0 есебімен жеңді. Ал Б тобындағы тағы бір кездесуде Солтүстік Ирландия Иорданиядан 6:0 есебімен басым болды.

Қазақстан енді 1 наурызда Иорданиямен кездессе, Франция мен Солтүстік Ирландия өзара шеберлік байқасады. Ал А тобында дәл осы күні Түрікменстан мен Үндістан, Өзбекстан мен Румыния ойнайды.