Футболдан ӘЧ: Марокко құрамасы Португалияға қарсы 1986 жылғы жетістігін қайталай ала ма

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатында бүгін, 10 желтоқсанда жартылай финалға берілетін үшінші жолдаманы Марокко мен Португалия сарапқа салады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу елорда уақытымен 21.00-де басталып, «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Ойын ел астанасы Доха қаласындағы 44400 адамға арналған «Эль-Тумама» стадионында өтеді. Бас төреші - аргентиналық Факундо Тельо. Оған отандастары Эсекьель Брайловски мен Габриэль Чаде көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші - Иван Бартон.

FIFA рейтингінде Марокко– 22, Португалия 9-орында тұр.

Екі құрама бұған дейін екі мәрте кездесті. 1986 жылы әлем чемпионаты финалдық сатысы алтыншы тобында сынға түскен Марокко құрамасы Португалияны 3:1 есебімен тізе бүктірді. Ал 2018 жылғы әлем чемпионаты финалдық сатысы В тобында Португалия аталған қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсті.

Топтық кезеңде F тобында сынға түскен Марокко Хорватиямен 0:0 есебімен тең түсіп, Бельгияны 2:0, Канаданы 2:1 есебімен жеңді. 1/8 финалда Испаниямен 0:0 есебімен тең түсіп, пенальти тебуден мергендік танытты.

Ал H тобында Португалия Гананы 3:2, Уругвайды 2:0 есебімен жеңіп, Оңтүстік Кореяға 1:2 есебімен жол берді. Ал 1/8 финалда Швейцарияны 6:1 есебімен қапы қалдырды.

Әлем чемпионатында Марокко алтыншы мәрте қатысып отыр. Бұған дейін 1986 жылы 1/4 финалға шықса, қалғанында топтық кезеңнен аса алған жоқ.

Португалия құрамасы жетінші мәрте қатысып, 1966 жылы үшінші орынға тұрақтады. Қалғанында жарыстың түрлі сатысында болды.

Айта кетсек, елорда уақытымен 1.00-де Англия және Франция кездесуі «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Еске салсақ, Хорватия Бразилияны жеңіп, жартылай финалға жолдама алды.

Сондай-ақ, Нидерланд құрамасын жеңген Аргентина жартылай финалға шықты.


Фото: GETTY IMAGES