Футболдан әйелдер лигасында «Ақтөбе» сырт алаңда «Қайратты» жеңді

Фото: "Ақтөбе" футбол клубы

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футболдан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатының ХХІІ туры мәресіне жетті.

Бұл турда биыл бас жүлдеге қол жеткізуді қалайтын «Ақтөбе» сырт алаңда алматылық «Қайратпен» кездесті. Нәтижесінде қарсыласын 4:0 есебімен тізе бүктіріп, турнир кестесінде 62 ұпаймен бірінші орынға көтерілді. 

Қазір турнир кестесінде «Ақтөбемен» бірге бас жүлдеден негізгі үміткер саналатын шымкенттік БИІК клубы 13 қыркүйекте сырт алаңда елордалық «Жеңісті» 10:0 есебімен жеңді.

Ойын кестесі:

«Жетісу» (Талдықорған) — «Елімай» (Семей) 1:4
«Қайрат» (Алматы) — «Ақтөбе» 0:4
«Оқжетпес» (Көкшетау) — «Тобыл» (Қостанай) 0:5
«Атырау» — «Астана» 1:2
«Қайсар» (Қызылорда) — «Ұлытау» (Жезқазған) 2:1
«Томирис-Тұран» (Түркістан) — «Қызылжар» (Петропавл) 5:0.

Енді алдағы тур ойындары 22 қыркүйек күні өткізіледі.

Федерация талабымен ерлер клубтарының жанынан биыл әйелдер құрамалары құрылған.

Өткен жылы чемпионатқа тек 4 өңірден 5 команда ғана тіркелген еді.

Әр команда сапында кемінде қазақстандық футбол мектебінің 13 түлегі болуға тиіс деген талап қойылып отыр. Оған 2009 жылы және одан ерте дүниеге келген футболшылар қатыса алады.