Футболдан бірінші лигада бақ сынайтын командалар анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл футболдан бірінші лигада бақ сынайтын 10 команда анықталды. Ал 4 команда сертификаттау қағидасына сәйкес талаптарды орындауы тиіс, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан футбол федерациясы аттестаттау комиссиясының отырысында 10 команданың біріншілікке қатысуына рұқсат берілді.

Олардың қатарында «Қайсар» (Қызылорда), «Жетісу» (Талдықорған), «Оқжетпес» (Көкшетау), «Астана Ж» (Нұр-Сұлтан), «Жеңіс» (Нұр-Сұлтан), «Қайрат-Жастар» (Алматы), «Тараз-Қаратау» (Тараз), «Оңтүстік академиясы» (Шымкент), «Шахтер-Болат» (Қарағанды) және «Яссы» (Түркістан) командалары бар.

Ал «Байқоңыр» (Қызылорда), «Екібастұз» (Павлодар облысы), «Игілік» (Жамбыл облысы) және «Қыран» (Шымкент) клубтарына сертификаттау қағидасында белгіленген талаптардың орындалуын растайтын қажетті құжаттарды сәйкестендіру қажет.

Оны ұсыну үшін 2022 жылдың 21 наурызына дейін уақыт берілді.

Еске салсақ, футболдан Қазақстан біріншілігінде «Тобыл» Ақтауда «Каспий» командасымен тең түсті.