Футболдан Қазақстан біріншілігі: «Тобыл» Ақтауда «Каспий» командасымен тең түсті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігі екінші турында тағы үш ойынның нәтижесі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өткен жылғы ел чемпионы - Қостанайдың «Тобылы» сырт алаңда Ақтаудың «Каспий» командасымен 0:0 есебіне қанағат білдірді.
Ал «Ақтөбе» өз алаңында «Атыраудан» 2:1 есебімен басым түсті. Алдымен атыраулық командадан Андрия Филиппович 20-минутта есеп ашты. Оған алаң иелері қатарынан Уго Видеомон 45, Артурас Жулпа 83-минутта қос голмен жауап қайырды.
Түркістан облысының «Мақтаарал» өз алаңында Алматының «Қайратына» 0:1 есебімен жол берді. Кездесуде жалғыз голды Хосе Канте 26-минутта өзінің еншісіне жазды. Осылайша биылғы доп додасында үшінші голын соғып үлгерді.
Еске салсақ, 10 наурызда «Тараз» және «Ордабасы» (Шымкент), «Ақсу» (Павлодар облысы) «Астана» (Нұр-Сұлтан), «Шахтер» (Қарағанды) «Қызылжар» (Петропавл) командаларынан 1:0 есебімен басым түсті.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты «Ақжайық» (Орал) және «Тұран» (Түркістан) ойыны кейінге қалдырылды.