АСТАНА. ҚазАқпарат – Футболдан бірінші лига командалары арасындағы ел біріншілігі 9-турында «Тұран» екінші орынға көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін бірінші лигада 9-турдың төрт кездесуінің нәтижесі белгілі болды.
Түркістандық «Тұран» аталған турда шымкенттік «Қыранды» 4:3 есебімен тізе бүктірді. Бұл – түркістандық клубтың қатарынан үшінші жеңісі. Осылайша, турнир кестесінде 19 ұпаймен екінші орынға көтеріліп, семейлік «Елімайды» қуып жетті. Алайда, семейлік клубтың бір ойыны кем.
9-турдағы қалған үш ойында алматылық «Жас қыран» өз алаңында Түркістан облысының «Арыс» командасын 8:1, «Астана жастары» «Қайрат жастарын» 3:1 есебімен жеңсе, «Түркістан» елордалық «Жеңіске» 1:4 есебімен есе жіберді.
Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан бірінші лигада «Тараз» қатарынан бесінші мәрте жеңілді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.