Футболдан бірінші лигада «Тараз» қатарынан бесінші мәрте жеңілді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан бірінші лига командалары арасындағы ел біріншілігінде «Тараз» командасы қатарынан бесінші мәрте жеңілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен жылы тараздық клуб қаржылық жағдайына байланысты Премьер-лигада ойнаудан бас тартып, бірінші лигада бақ сынауға ниет білдірді. Команда құрамынан тәжірибелі футболшылар өзге клубтарға ауысып, олардың орнын жергілікті жастар басқан еді.

Тараздық клуб бірінші лигада сәтсіз ойын көрсетіп келеді. Қазірге дейін сегіз турдың небәрі екеуінде жеңіске жетсе, қалғанында қарсыластарына есе жіберіп қойды. Олар сегізінші турда сырт алаңда Шымкенттің «Қыран» командасына 0:2 есебімен жол берді. Салдарынан турнир кестесінде он үшінші орынды місе тұтып тұр.

Сондай-ақ, 19 мамырда өткен сегізінші турдың алғашқы ойын күнінде шымкенттік «Оңтүстік академиясы» алматылық «Жас Қыранды» 5:4, Павлодар обылсының «Екібастұзы» «Ақтөбе жастарды» 3:0 есебімен жеңсе, алматылық «Хан Тәңірі» мен «Түркістан» 0:0 есебіне қанағат білдірді.

Енді 20 мамырда «Жеңіс» (Астана) пен «Тұран» (Түркістан), «Арыс» (Түркістан облысы) мен «Астана жастары», «Қайрат-Жастар» (Алматы) мен «Ақжайық» (Орал) кездеседі.

Еске салсақ, бірінші лигада турнир кестесінде көш басында «Елімай» командасы келеді.


Соңғы жаңалықтар