Футболдан бірінші лигада «Елімай» қатарынан алтыншы мәрте жеңіске жетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан бірінші лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 7-туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболдан бірінші лигада «Елімай» қатарынан алтыншы мәрте жеңіске жетті

Турнир кестесінде көш басында келе жатқан Семейдің «Елімай» командасы бұл жолы да сүрінген жоқ. Сырт алаңда «Ақтөбе жастарды» 5:0 есебімен сүріндірді. Осылайша қатарынан алтыншы мәрте жеңіске жетті. Нәтижесінде турнир кестесінде екінші орында келе жатқан елордалық «Жеңіс» клубынан төрт ұпайға алда келеді. «Жеңіс» клубы сырт алаңда «Таразды» 4:0 есебімен тізе бүктіріп, жағдайын жақсарта түсті.

Түркістан облысының «Арыс» клубы жанкүйерлерді таңғалдырып тұр. Қазір үшінші орында келе жатқан команда сырт алаңда Оралдың «Ақжайығын» 1:0 есебімен қапы қалдырды.

Аталған турдағы өзге ойын нәтижелері төмендегіше: «Астана-2» - «Оңтүстік академиясы» 0:3, «Тұран» (Түркістан) - «Хан тәңірі» (Алматы) 1:0, «Жас Қыран» (Алматы) - «Қыран» (Шымкент) 4:2, «Түркістан» - «Екібастұз» 4:3.

Енді 8-тур ойындары 19 мамыр күні өткізіледі.

Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 9-туры мәресіне жетті.