АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің XVІІ туры мәресіне жетті.
Биыл Премьер-лига жолдамасынан үміткер болған Жезқазғанның «Ұлытауы» мен Ақтаудың «Каспийі» 0:0 есебімен тең түсті.
Биылғы доп додасын ақтаулық команда сәтті бастаған еді. Алайда соңғы турларда жанкүйер сенімін ақтай алмай жүр. Бес ойын бойы жеңіске жете алмай келеді. Салдарынан турнир кестесінде 26 ұпаймен алтыншы орынды місе тұтып тұр. Бірінші орындағы «Оқжетпестен» он ұпайға қалып кетті.
Сондай-ақ аталған турда елордалық «SD Family» алматылық «Қайрат-2» командасына 3:6, «Ақтөбе-2» өскемендік «Алтайға» 0:2, оралдық «Ақжайық» «Таразға» 1:2 есебімен жол берді.
Еске салсақ, бұдан бұрын 25 шілдеде «Оқжетпес» «Арысты» 7:1, «Екібастұз» «Хан тәңірін» 2:1 есебімен жеңсе, «Жетісай» «Қайсар-2» командасымен 0:0 есебімен тең ойнады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.