Футболдан бірінші лигада «Каспий» «Оқжетпестен» жеңіліп қалды

Фото: instagram.com/caspiy_fc

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің XI туры мәресіне жетті.

Аталған турдың екінші ойын күнінде, 14 маусымда ақтаулық «Каспий» сырт алаңда Көкшетаудың «Оқжетпесімен» шеберлік байқасты. 

Қос команда биыл Премьер-лигаға шығуға үміткер ұжымдар қатарынан саналады.

Кездесу тағдырын жалғыз гол шешті. 

«Оқжетпес» сапынан Дәурен Жұмат 58-минутта қарсылас клубтың қақпасын дәл көздеп, өз командасына үш ұпай сыйлады.

Осылайша «Каспий» қарсыласынан 0:1 есебімен жеңіліп, турнир кестесінде үшінші орынға түсіп қалды.

Сондай-ақ, Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Алтайға» 0:2, «Қайсар-2» «Таразға» 1:2 есебімен жол берді.

Ал «Арыс» пен «Қыран» кездесуі өткізілген жоқ.

Қаржы мәселесіне байланысты «Қыран» біріншіліктің алдағы ойындарына қатыспайтын болды. 

Айта кетсек, 13 маусымда «Жетісай» «Қайрат-2» командасын 6:2, «SD Family» «Tүркістанды» 5:0, «Хан тәңірі» «Екібастұзды» 2:1 есебімен жеңді.

Ал «Ақтөбе-2» «Ұлытауға» 0:3 есебімен есе жіберген еді.

Енді алдағы тур ойындары 20 және 21 маусым күндері өткізіледі.