Бұл күні түркістандық «Тұран» өз алаңында сол облыстың тағы бір өкілі «Арысты» қабылдады.
Алғашқы турда Шымкенттің «Академия Оңтүстік» командасына 1:2 есебімен есе жіберген команда енді жеңіске жетуге бар күшін салды. Соған қарамастан олар бірінші кезеңде қарсылас қақпасынан саңылау таба алған жоқ.
Екінші кезеңде 50-минутта «Тұран» сапынан Темірлан Мұрзағалиев соққан гол кездесу тағдырын шешті. Осылайша олар қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп, біріншіліктегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Сондай-ақ бүгін Оралдың «Жайығы» елордалық «Астана-Ж» командасын 1:0 есебімен тізе бүктірсе, «Каспий-Ж» (Ақтау) - «Қайрат-Ж» (Алматы) 1:1 есебіне қанағат білдірді.
17 сәуірдегі ойын кестесі
- 15:00. «Шахтер» (Қарағанды) - «Батыр» (Павлодар облысы)
- 15:00. «Ақтөбе-Ж» - «Тараз»
- 15:00. «Елімай-Ж» (Семей) - «Хан тәңірі» (Алматы)
- 16:00. «Академия Оңтүстік» (Шымкент) - «Тобыл-Ж» (Қостанай).
Өткен жылы Бірінші лигада алғашқы үш орынға ие болған «Каспий» (Ақтау), «Ертіс» (Павлодар), «Алтай» (Өскемен) командалары Премьер-лигаға тікелей жолдама алды. Ал Премьер-лигада соңғы орынды місе тұтқан «Тұран» биыл бірінші лигада сынға түсіп қалды.