Футболдан Чемпиондар лигасында «Манчестер Сити» «Реал Мадридтен» басым түсті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан UEFA Чемпиондар лигасы жартылай финалында алғашқы ойын өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы ойында «Манчестер Сити» (Англия) және «Реал Мадрид» командалары кездесті.

Мамандар ағылшындық клубтың басымдығына алдын-ала болжам жасаған еді. Дегенмен ойын барысында командалар бір-біріне лайықты қарсылық көрсетті.

Алдымен «Манчестер Сити» сапынан Кевин Де Брёйне 2, Габриэль Жезус 11-минуттарда мергендік танытса, оған испандық клубтан Карим Бензема 33-минутта бір голмен жауап қайырды.

Екінші кезеңде алаң иелері сапынан Фил Фоден 53, Бернарду Силва 74-минуттарда гол соқты. Ал «Реал Мадрид» қатарынан Винисиус Жуниор 55, Карим Бензема 82-минуттарда екі голдың авторы атанды.

Осылайша, «Манчестер Сити» қарсыласынан 4:3 есебімен басым түсті.

Айта кетерлігі, екі команда арасындағы соңғы үш кездесуде «Манчестер Сити» қатарынан үш мәрте жеңіске жетті. Испандық клуб оларды 2016 жылдың 4 мамырында 1:0 есебімен тізе бүктірген еді.

Екі команданың қарымта ойыны 4 мамырға белгіленген.

Сондай-ақ, жартылай финалда бүгін, 27 сәуірде «Ливерпуль» (Англия) және «Вильярреал» (Испания) шеберлік байқасады.