Аталмыш турнирдің тарихы 1955/1956 жылғы кезеңнен бастау алады. Алғашқыда ол Еуропа чемпиондарының кубогы атанған еді. 1992 жылдан бері қазіргі атауымен өткізіліп келеді. «Ливерпуль» 1992 жылға дейін аталмыш дүбірлі додада төрт мәрте жеңімпаз атанды. Алдымен 1976/1977 жылғы кезеңде Германияның «Боруссия» (Менхенгладбах) командасын 3:1 есебімен жеңіп, өз жанкүйерлерін қуантты. Одан кейінгі жылы да дәл сол жетістігін қайталады. Дәлірек айтқанда, 1977/1978 жылғы кезеңде Бельгияның «Брюгге» клубын 1:0 есебімен тізе бүктіріп, бас бәйгеге ие болды. Келесі кезекте мұндай табысқа 1980/1981 жылғы кезеңде қол жеткізді. Сол жолы Испанияның «Реал Мадрид» клубынан 1:0 есебімен басым түсті. Бұдан кейін 1983/1984 жылғы кезеңде Италияның «Рома» командасымен кездесті. Ойын негізгі және қосымша кезеңде 1:1 есебімен аяқталып, пенальти тебуде «Ливерпуль» 4:2 есебімен басым түсті. «Ливерпуль» мұндай зор табысқа араға жиырма жыл салып, тек 2004/2005 жылғы кезеңде қол жеткізді. Бұл уақытта турнирдің өткізу форматы өзгеріп, УЕФА Чемпиондар лигасы атауына ие болған еді. Сол финал әлі күнге дейін жанкүйерлер есінде сақталып қалды. Аталмыш кездесуде бірінші кезеңнен кейін «Ливерпуль» Италияның «Милан» командасынан 0:3 есебімен жеңіліп жатқан еді. Ағылшын жігіттері екінші кезеңге тас-түйін дайындықпен шықты. Ойын барысында 3:3 есебімен таразы басы теңесті. Пенальти тебуде ағылшын футболшылары алға шықты. Осылайша чемпиондық атаққа қол жеткізді. Сондай-ақ, тарихы Жәрмеңке кубогы және УЕФА кубогынан бастау алатын қазіргі Еуропа лигасы турнирінде «Ливерпуль» үш мәрте (1973, 1976, 2001) жеңімпаз атанды.
Ал «Тоттенхэм Хотспурс» әзірге мұндай жетістігімен мақтана алмайды. УЕФА Чемпиондар кубогына әуелі 1961/1962 жылғы кезеңде қатысты. Сол жылы жартылай финалға дейін жетті. Жартылай финалда қос ойынның нәтижесімен (1:3, 2:1) Португалияның «Бенфика» клубына жол беріп қойды. Одан кейін Чемпиондар лигасында 2010/2011, 2016/2017, 2017/2018, жылғы кезеңде бақ сынады. Әзірге зор табысқа қол жеткізе қойған жоқ. Биыл финалға дейін жетіп отыр. Бәлкім, өз тарихында тұңғыш рет Еуропаның беделді бәсекесінде топ жарып қалуы әбден мүмкін. «Тоттенхэм Хотспурс» 1972, 1984 жылдары УЕФА кубогы (Еуропа лигасы) екі мәрте чемпион атанған.
УЕФА Чемпиондар лигасының биылғы бәсекесінде екі команда да жақсы ойын өрнегін көрсетіп келеді. «Ливерпуль» С тобында сынға түсіп, екінші орынға табан тіреді . Алдына Францияның ПСЖ командасын жіберіп алды. Бұл топта Италияның «Наполи» және Сербияның «Црвена Звезда» командалары да ойнаған болатын. Жарыстың 1/8 финалында «Ливерпуль» өз алаңында Германияның «Бавария» клубымен өз алаңында 0:0 есебімен тең түсіп, сырт алаңда 3:1 есебімен тізе бүктірді. Ширек финалда Португалияның «Порту» клубын қос кездесуде 4:1, 2:0 есебімен жеңді. Жартылай финалда олар Испанияның «Барселона» клубына сырт алаңда 0:3 есебімен есе жіберген еді. Бұдан кейін «Ливерпуль» жарысты жалғастыра алмайды деген жанкүйерлер саны көп болды. Дегенмен өз алаңында олар атақты клубты 4:0 есебімен тас-талқан етті. Осылайша финалға берілетін жолдаманы қалтаға басты.
«Тоттенхэм Хотспурс» командасы В тобында ойнап, екінші орын алды. Алдында - «Барселона». Жарыстың келесі сатысына берілетін жолдамаға олар соңғы сәтте қол жеткізді. Италияның «Интер» клубы бір тур бұрын ағылшын командасынан үш ұпай алда тұрған еді. Соңғы турда екі команда кездесті. Англия клубы 1:0 есебімен басым түсіп, жарыстың 1/8 финалдық сатысына шықты. Бұл жолы Германияның «Боруссия» (Дортмунд) командасын (3:0, 1:0 орта жолда қалдырды. Ширек финалда өз елінің «Манчестер сити» клубын өз алаңында 1:0 есебімен жеңіп, сырт алаңда 3:4 есебімен жеңіліп қалды. Қос ойынның нәтижесімен жартылай финалға шыққан олар Голландияның «Аякс» клубына өз алаңында 0:1 есебімен есе жіберіп, сырт алаңда 3:2 есебімен басым түсті. Айта кетерлігі, олар қарымта кездесуде бірінші кеезңнен кейін 0:2 есебімен жеңіліп жатқан еді. Екінші кезеңде қатарынан үш гол соғып, беделді бәсекенің финалына жолдама алды.
Екі команда барлық турнирлерді есептегенде бүгін 171-ші кездесуін өткізеді. Бұған дейін «Ливерпуль» 79 мәрте жеңіс тойын тойласа, «Тоттенхэм Хотспурс» 48 мәрте басымдығын танытты. Қалған ойындар тең нәтижемен аяқталды. Айта кетерлігі, биылғы Англия Премьер-лигасындағы екі кездесу де «Ливерпуль» 2:1 есебімен жеңіске жеткен еді.
УЕФА Чемпиондар лигасында (Еуропа чемпиондарының кубогы) бүгінгі күнге дейін Испанияның «Реал Мадрид» клубы 13 мәрте кубокты төбесіне көтерген еді. Одан кейінгі кезекте Италияның «Милан» 7, Германияның «Бавария», Англияның «Ливерпуль», Испанияның «Барселона» 5 мәрте чемпиондық тұғырға көтерілді. Жалпы алғанда, мұндай табысқа барлығы команда қол жеткізген.
Бүгінгі кездесу Испанияның Мадрид қаласындағы «Метрополитано» стадионында өткізіледі. Ойын Нұр-Сұлтан уақытымен 00.50-де басталады. Финал Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.