АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 22-турының екінші ойын күніндегі төрт кездесудің нәтижесі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елордалық «Астана» өз алаңында Шымкенттің «Ордабасы» клубын 6:0 есебімен жеңді. Ойын барысында Марин Томасов 47- минутта есеп ашса, одан кейін Абат Айымбетов 57, 59-минуттарда қос голдың авторы атанды.
Одан кейін Денис Поляков 61, Педро Эуженио 93, Абзал Бейсебеков 94-минуттарда мергендік танытты.
Сондай-ақ, «Атырау» өз алаңында Алматының «Қайратына» 1:2 есебімен жеңілсе, Қарағандының «Шахтері» мен Түркістанның «Тұраны», «Тараз» бен Петропавлдың «Қызылжары» 0:0 есебімен тең түсті.
Айта кетсек, 8 қазанда «Ақтөбе» Ақтаудың «Каспийін» 4:0 есебімен ойсырата жеңсе, Қостанайдың «Тобылы» сырт алаңда Павлодар облысының «Ақсуына» 0:3 есебімен есе жіберді.
Аталған турды «Мақтарал» (Түркістан облысы) мен «Ақжайық» (Орал) командалары түйіндейді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.