Футболдан ел біріншілігінде «Ақтөбе» қарсыласын ойсырата жеңді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 22-турының алғашқы ойын күні өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін, 8 қазандағы алғашқы кездесу «Ақтөбе» мен «Каспий» (Ақтау) командалары арасында болды. Биыл чемпиондықтан басты үміткер саналатын ақтөбелік командасы қарсыласын 4:0 есебімен ойсырата жеңді.
Ойын барысында олардың қатарынан Әлібек Қасым 20-минутта пенальтиден есеп ашса, Максим Самородов 43, 53-минуттарда қос голдың авторы атанды. Кездесу нүктесін 67- минутта Бауыржан Байтана қойды.
Нәтижесінде ақтөбелік команда турнир кестесіндегі жағдайын жақсартты. Чемпион атануға мүмкіндігін арттыра түсті.
Тағы бір кездесуде үздік үштікте келе жатқан Қостанайдың «Тобылы» сырт алаңда Павлодар облысының «Ақсуынан» 0:3 есебімен ойсырай жеңілді. Кездесуде алаң иелері қатарынан Руслан Есімов 2-минутта есеп ашса, Тони Сильва 7-минутта есепті үстемелей түсті. Павлодарлық клубтан Лазар Зличич 36-минутта қорытынды есепті белгіледі.
Аталған турдағы қалған ойындар 9 қазан күні жалғасады. Бұл күні «Шахтёр» (Қарағанды) мен «Тұран» (Түркістан), «Атырау» мен «Қайрат» (Алматы), «Тараз» бен «Қызылжар» (Петропавл), «Астана» мен «Ордабасы» (Шымкент), «Мақтаарал» мен «Ақжайық» (Орал) командалары ойнайды.
Еске салсақ, бұдан бұрын кейінге қалдырылған ойында «Ақжайық» пен «Тұран» тең түсті.