НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінде алматылық «Қайрат» алғаш рет жеңілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматылық клуб жетінші турда бүгін өз алаңында Түркістанның «Тұран» командасына 0:1 есебімен жол берді. Кездесу тағдырын шешкен жалғыз голды түркістандық Азат Нұрғалиев 31-минутта пенальтиден соқты.
Сондай-ақ, бүгін аталған турда Оралдың «Ақжайығы» дәл сондай есеппен Қарағандыда «Шахтер» командасын тізе бүктірді.
Өз алаңында Шымкенттің «Ордабасы» клубы Петропавлдың «Қызылжарын» 2:1, «Ақтөбе» Түркістан облысының «Мақтаралын» 1:0 есебімен жеңді.
Еске салсақ, 22 сәуірде елордалық «Астана» Ақтаудың «Каспийінен» 4:0 есебімен басым түссе, қостанайлық «Тобыл» сырт алаңда «Атыраудан» 1:2 еесбімен жеңілді.
Дәл қазір Павлодарда «Ақсу» мен «Тараз» командаларының кездесі өтіп жатыр.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.