Футболдан ел чемпионы «Тобыл» «Атыраудан» жеңіліп қалды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан чемпионатының жетінші турында «Атырау» өз алаңында Қостанайдың «Тобылын» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық маман Константин Горовенко жаттықтыратын атыраулықтар осының алдында екі рет қатарынан ұтылған еді. Ал Александр Москаленконың шәкірттері өткен турда өз алаңында «Қайратпен» тең тарқасқан еді.

Бұл жолы бірінші таймда есеп ашылған жоқ.

Екінші кезеңде «Тобылдың» қақпашысы Александр Мокин «Атырау» ойыншысын шалып жыққаннан кейін 11 метрлік айып добы белгіленді. Оны хорватиялық Андрия Филипович мүлт жіберген жоқ – 1:0. Бұл 66-минут еді.

Содан кейін «Тобыл» сапындағы өзбекстандық шабуылшы Игорь Сергеев 77-минутта таразы басын теңестірді. Дегенмен 83-минутта А.Филипович өзінің тағы бір мүмкіндігін тамаша пайдаланды – 2:1.

Осылайша бұл матчтан кейін 10 ұпай жинаған «Атырау» турнир кестесінде 5-орынға көтерілді. «Тобыл» 11 ұпаймен 3-сатыда келеді.

Бүгін сондай-ақ «Астана» өз алаңында «Каспийді» қабылдайды. Қалған ойындар ертең өтеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан чемпионатында «Каспийдің» қайтадан көш басына шыққанын жазған болатынбыз.