Футболдан Қазақстан чемпионатында «Каспий» қайтадан көш басына шықты

Өткен турда «Каспий» Алматыда «Қайратқа», ал атыраулықтар өз алаңында «Ақжайыққа» 0:1 есебімен есе жіберген еді.
Сондықтан қос команда да ұпай алып, жағдайын жақсартуға ұмтылды. Бірінші тайм аяқталар сәтте қонақтардың қорғаушысы Матеус Биссидің қателігін пайдаланған Аслан Әділ есеп ашты.
Екінші таймда 52-минутта бұрыштамадан берілген доптан кейін М.Бисси таразы басын теңестірді. Әйтсе де 89-минутта алаңға тыңнан қосылған Алмас Арменов жеңіс голын соғып кетті. Есеп 2:1, «Каспийдің» пайдасында.
Бұл ойыннан кейін 13 ұпай жинаған ақтаулықтар бірінші орынға көтерілді. Дегенмен оларды осы турда басқа командалар қуып жете алады. Орталық матч бүгін Қостанайда өтеді, онда ел чемпионы «Тобыл» осыған дейін көш бастаған «Қайратты» қабылдайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан Қазақстан чемпионатында «Ақжайықтың» «Астанадан» басым түскенін жазған болатынбыз.