НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін 21 жасқа дейінгі жастар арасында футболдан 2023 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында Қазақстан екінші ойынында Данияны қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еске салсақ, Қазақстан жастары I тобында сынға түсті. Қарсыластары - Бельгия, Дания , Шотландия және Түркия құрамалары.
Бүгінгі кездесуде қос құраманың да жеңіске жету мүмкіндігі болды. Бірінші кезеңде екеуін де гол соғатын бірнеше сәт туындады. Алайда таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.
Екінші кезеңде даниялық футболшылар басымдықты арттыра түсті. Нәтижесінде 78-минутта олардың қатарынан Виллиам Вик кездесу тағдырын шешкен жалғыз голды соқты.
Осылайша Қазақстан жастары қарсыласына 0:1 есебімен есе жіберді.
Қазақстандық футболшылар бұған дейін биылғы жылдың 4 маусымында өз алаңында Бельгиядан 1:3 есебімен жеңіліп қалған еді.
Турнир кестесінде қазақстандық ойыншылар екі ойыннан кейін төртінші орында келеді.
Қазақстан енді 8 қазанда Бельгиямен сырт алаңа шеберлік байқасса, 12 қазанда өз алаңында Түркиямен жасыл алаңға шығады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.