ОРАЛ. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан чемпионатының 20-турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Астана» клубын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Екі айдан астам уақытқа созылған үзілістен кейін қайта жалғасқан біріншілікте елордалықтар 41 ұпаймен «Тобылдан» кейін екінші орында келе жатса, алаң иелері бесінші сатыда еді.
Чемпиондық атақ үшін таласып жүрген «Астана» командасы 10-минутта есеп ашты. Белорусьтық Макс Эбонгтан пас алған ресейлік Валерий Чуперка «Ақжайықтың» қақпасын қорғаған украиналық Сергей Литовченкодан айласын асырып кетті.
Бұдан кейін қос команданың гол соғатындай мүмкіндіктері болды. Кейбір сәтте С.Литовченко өз қақпасын аман алып қалды. Елордалықтар да сәтті қорғана білді.
Осылайша 1:0 есебімен жеңіске жеткен ресейлік маман Андрей Тихоновтың шәкірттері 44 ұпаймен көш басына көтерілді. Дегенмен 42 ұпайы бар қостанайлық «Тобыл» бұл турдағы ойынын ертең өз алаңында Ақтаудың «Каспийімен» өткізеді.
Ел біріншілігінің 21-турында «Ақжайық» 18 қыркүйекте Талдықорғанда көш соңындағы «Жетісу» командасымен кездеседі. Ал елордалықтар «Ақтөбені» қабылдайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» «Ақтөбеге» есе жібергенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ бүгін «Қызылжар» «Қайсардан» басым түсті.
Суреттер – Айбатыр НҰРАШ
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).