Футбол: Оралдың «Ақжайығы» «Ақтөбеге» есе жіберді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан чемпионатының 19-турында «Ақтөбе» өз алаңында Оралдың «Ақжайығын» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Турнир кестесінде ақтөбеліктер оныншы сатыда тұрса, оралдықтар төртінші орында келе жатқан еді.

«Ақжайық» сапында түрлі себептерге байланысты бірнеше ойыншысы алаңға шыға алған жоқ. Дегенмен бірінші тайм соңына таман осыған дейінгі матчтарда нәтижелі пастарымен көзге түсіп жүрген ресейлік жартылай қорғаушы Евгений Козлов есеп ашты.

Екінші таймда ақтөбелік 19 жастағы Максим Самородов қос голдың авторы атанып, командасына жеңіс сыйлады – 2:1.

Бұл турдан кейін украиналық маман Владимир Мазяр жаттықтыратын «Ақжайық» 28 ұпаймен әзірге төртінші орнында қалды. Ал қазақстандық маман, кезінде оралдық клубтың да тізгінін ұстаған Вахид Масудов баптайтын ақтөбеліктер 23 ұпаймен тоғызыншы орынға көтерілді.

Оралдықтар келесі кездесуін 11 қыркүйекте біріншілікте қайтадан көш бастаған «Астанамен» өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралдың «Ақжайығына» жаңадан ойыншылар алынғанын жазған болатынбыз.


Фото: Айбатыр Нұраш


Соңғы жаңалықтар