Футболдан Қазақстан чемпионатына 250 медицина қызметкері қатысуда

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде медицина қызметкерлері арасында футболдан ІІ ел чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанның әр өңірінен келген медицина қызметкерлері футболдан ел чемпионатына қатысуда. Барлығы 15 команда бар. Олар 4 топқа бөлінді. Ақтөбе облысының командасы С тобына кірді. Бұл топта Қарағанды, Маңғыстау облыстары бар. Ақтөбе қаласының тобында Алматы мен Павлодар және Жамбыл облыстары кірді. 11 мамыр күні ақтық сын болады.

"Ел чемпионатында жүлделі орын алу үшін дайындық ерте басталды. Біз алдын ала футболдан өзара сынға түстік, мықтылар іріктелді. Мақсат - бірінші орын алу. Үздіксіз жаттығу арқылы жеңіске жетуді көздеп отырмыз. Ақтөбелік медицина қызметкерлері тек жұмыста емес, спортта да биіктерге қол жеткізе алатынын дәлелдей алады. Біз салауатты өмір салтын ұстанамыз, спортты серік етіп, өзара футбол да ойнаймыз. Ортақ қызығушылығымыз жеңіске жеткізеді деген сенім бар", - деді кардиолог дәрігер Болат Хамидолла.

Ертең ақтық сын болады. Футбол қаладағы спорт мектептерінің алаңында өтіп жатыр. Барлығы 250-ден астам медицина қызметкері Ақтөбеге келді. Қазақстан чемпионатының ашылуына облыс әкімінің орынбасары М.Тоғжанов пен қала әкімі І.Испанов қатысты. Чемпионатқа қатысушылар Денсаулық саябағына, Ақтөбе медицина орталығына барып, ағаш екті.

"Өткен жылы ел чемпионаты Алматы қаласында болды. Ол кезде ақтөбелік команда 2-орын алды. Биыл бар күшімізді салып, 1-орынды иеленуді көздеп отырмыз. Дайындық бар, дәрігерлер өз шеберліктеріне сенімді", - деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.