Бұл күнгі басты кездесу Қостанайда «Тобыл» мен Алматының «Қайраты» арасында өтті.
Матч барысында қарқынды ойын өрбіді. Көш басында қатар келе жатқан қос клуб терезесі тең деңгейде шеберлік көрсетті.
Есепті 6-минутта алматылық командадан Хосе Канте ашса, оған қостанайлық қорғаушы Сергей Малый 45-минутта бір голмен жауап қайырды.
Екінші кезеңде «Тобыл» шабуылшысы Зоран Тошич 72-минутта командасын алға шығарды. Ойынның соңғы минутында оның әріптесі Владислав Васильев өзінің қақпасына гол соғып алды.
Осылайша командалар 2:2 есебіне қанағат білдірді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін елордалық «Астана» сырт алаңда Оралдың «Ақжайығына» 0:1 есебімен жол берді.
Ақтауда жергілікті «Каспий» «Атырауды» 2:1 есебімен тізе бүктірсе, Түркістанда «Тұран» мен Шымкенттің «Ордабасы» клубы 0:0 есебімен тең түсті.
Аталған турдағы екі ойын ертең, 17 сәуірде өткізіледі. Бұл күні «Мақтарал» (Түркістан облысы) мен «Ақсу» (Павлодар облысы), «Тараз» бен «Шахтер» (Қарағанды) командалары шеберлік байқасады.