НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан кубогының топтық кезеңі бесінші турындағы екінші ойын күні өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл күні C тобында «Ақтөбе» өз алаңында Түркістан облысының «Мақтарал» командасын қабылдады. Алаң иелері тарапынан 85-минутта Темірлан Ерланов соққан гол кездесу тағдырын шешті.
Осылайша «Ақтөбе» аталған турнирде алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Сондай-ақ, 6 тамызда А тобында «Атырау» мен «Аксу» командалары 0:0 есебіне қанағат білдірді.
Айта кетсек, бүгін В тобында «Ақжайық» пен «Қайсар» 2:2 есебімен тең түссе, «Шахтер» сырт алаңда «Тұранды» 2:0 есебімен тізе бүктірді.
Енді 7 тамызда А тобында «Ордабасы» (Шымкент) мен «Қайрат» (Алматы), В тобында «Қызылжар» (Петропавл) мен «Каспий» (Ақтау), С тобында «Тобыл» (Қостанай) мен «Тараз», D тобында «Астана» (Нұр-Сұлтан) мен «Жетісу» (Талдықорған) командалары шеберлік байқасады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.