Қарағандының «Шахтері» өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпесін» қабылдады.
Ойын барысында алаң иелері қатарынан Иван Свиридов 35-минутта мергендігімен көзге түсті.
Небәрі 19 жастағы шабуылшы ел біріншілігінде мергендігімен көзге түсіп келеді. Ол 3 ойында қарсыластар қақпасын екі мәрте дәл көздеп үлгерді.
Осылайша «Шахтер» қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсті.
Ал «Ақтөбе» мен «Атырау» кездесуі голға толы болды.
Ойынның 10-минутында атыраулық командадан Демир Имери есеп ашса, оған ақтөбелік клубтан Элдер Сантана таразы басын теңестірді.
«Атырау» сапынан Оралхан Өміртаев 78-минутта қайтадан өз командасын алға шығарса, ақтөбелік футболшы Ескендір Қыбырай қайтадан таразы басын теңестірді.
Командалар 2:2 есебіне қанағат білдірді.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Қызылжар» «Жетісуды» 3:0 есебімен сүріндірсе, «Каспий» «Тұранға» 0:1 есебімен жол берді.
Енді 19:00-де «Қайрат» (Алматы) - «Ақжайық» (Орал), «Тобыл» (Қостанай) - «Ақсу» (Павлодар облысы) шеберлік байқасады.
Сондай-ақ, 21:00-де «Ордабасы» (Шымкент) - «Мақтарал» (Түркістан облысы), «Астана» - «Қайсар» (Қызылорда) жасыл алаңға шығады.
Қарымта ойын 29 және 30 сәуір күндеріне белгіленген.