АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан 2023 жылғы Қазақстан кубогының екінші сатысына жолдама алған командалар толықтай белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыстың аталған сатысына берілген соңғы екі жолдамаға Шымкенттің «Оңтүстік академиясы» және Түркістанның «Тұран» командалары қол жеткізді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қазақстан кубогының екінші сатысына Оралдың «Ақжайық» және Семейдің «Елімай» командалары ие болды.
Енді 30 наурызда «Ақжайық» пен «Оңтүстік академиясы», 31 наурызда «Тұран» мен «Елімай» командалары кездеседі.
Жеңімпаз атанған екі команда жарыстың негізгі кезеңінде Премьер-лигада ойнайтын 14 команда қатарына қосылады.
Қазақстан кубогының 1/8 финалынан бастап қатысушылар өзара екі ойын өткізеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.