Қазақстан кубогы: «Елімай» клубы келесі кезеңге жолдама алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Семейдің «Елімай» клубы футболдан 2023 жылғы Қазақстан кубогының келесі кезеңіне жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан кубогы: «Елімай» клубы келесі кезеңге жолдама алды

Семейлік клуб ұзақ жылғы үзілістен кейін қайта құрылып, биыл бірінші лигада ойнауға мүмкіндік алды. Команда алдымен Қазақстан кубогында доп тепті. Олар В тобында Астананың «Жеңіс», Түркістан облысының «Arys» және «Тараз» командаларын артқа тастап кетті.

Ал А тобынан Оралдың «Ақжайығы» екінші кезеңге жолдама алды. Оралдық клуб Алматының «Jas Qyran», Өскеменнің «Altai» және алматылық AKAS клубтарынан озды.

Жарыстың екінші сатысында енді «Елімай» D, «Ақжайық» С тобының жеңімпаздарымен негізгі кезеңге берілетін жолдаманы сарапқа салады. Жеңімпаз атанған екі команда жарыстың негізгі кезеңінде Премьер-лигада ойнайтын 14 команда қатарына қосылады.

Еске салайық, бұған дейін футболдан 2023 жылғы Қазақстан кубогының жеребесі тартылғанын жазған болатынбыз.