НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан UEFA Конференция лигасы үшінші іріктеу сатысындағы қазақстандық командалардың қатысуымен өтетін қарымта ойындарға төрешілер құрамы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Петропавлдың «Қызылжар» және Кипрдің АПОЭЛ клубы арасындағы кездесуде германиялық Даниэль Зиберт бас төреші қызметін атқарады. Оған отандастары Ян Зайдель мен Рафаэль Фольтин көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші де сол елдің өкілі Даниэль Шлагер.
Айта кетсек, аталған кездесу 11 тамызда елордадағы «Астана-Арена» стадионында өткізіледі. Басталуы - сағат 19:30.
Алғашқы ойында петропавлдық команда қарсыласына 0:1 есебімен есе жіберіп қойды.
Ал Қостанайда өтетін «Тобыл» мен Босния және Герцоговинаның «Зриньски» командалары кездесуіне бельгиялық Натан Вербоомен бас төреші болады. Оның көмекшілері де сол елден келген Матиас Хилларт пен Рубен Винс. Қосалқы төреші Ян Ботерберг те Бельгиядан келеді.
Қарымта кездесу 11 тамызда елорда уақытымен 20:00-де Орталық стадионда басталады.
Алғашқы ойын 1:0 есебімен «Зриньски» клубының басымдығымен аяқталды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.