Футзалдан ел құрамасы әлем чемпионаты іріктеу кезеңін жеңіспен бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Футзалдан Қазақстан құрамасы 2028 жылғы әлем чемпионаты негізгі іріктеу кезеңінде елордада Беларусьтен басым түсті.

Фото: ҚФФ

Кездесу барысында алғашқы голды беларусьтік ойыншылар соқты. Одан кейін қазақстандық құрама тізгінді өз қолында ұстап, бірнеше голды соғып үлгерді. Алдымен 9-минутта отандасымыз Альберт Ақбалықов пенальтиден мүлт кетпесе, одан кейін Эдсон 10, 14, 28-минутта қатарынан үш гол соғып үлгерді. 

Ал 31-минутта беларусьтік ойыншылар есеп айырмасын қысқартса, одан кейін қазақстандық қақпашы Игита қайтадан басымдықты арттырды.

Ойынның 40-минутында Беларусь құрамасы тағы екі гол соғып кетті.

Осылайша, отандастарымыз қарсыласынан 5:4 есебімен басым түсті.

Жеребе қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 6-топқа түсіп, Беларусь және Албания құрамаларымен кездеседі.

Енді отандастарымыз 11 қарашада сырт алаңда Беларусьпен кездессе, 9 желтоқсан мен 2027 жылдың 2 наурызында Албаниямен екі ойын өткізеді.

Негізгі раунд матчтары 2026 жылғы 12-21 қазан, 2-11 қараша, 6-9 желтоқсан аралығында және 2027 жылғы 22 ақпан мен 3 наурыз аралығында өтеді.

Негізгі кезеңнің қорытындысы бойынша барлық 12 топтың жеңімпазы мен екінші орын алған үздік төрт құрама элиталық раундқа тікелей жолдама алады. Ал екінші орын иеленген қалған сегіз команда плей-офф кезеңінде әлем чемпионатының келесі сатысына шығу үшін күресін жалғастырады.

Қазірге дейін футзалдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионаты финалдық кезеңіне төрт мәрте қатысты. Әзірше ең жоғары жетістігі — 2021 жылғы төртінші орын.