Футзалдан Еуропа біріншілігінің финалдық кезеңі Қазақстанда өте ме

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан футзалдан 2022 жылғы Еуропа чемпионаты финалдық кезеңін қабылдауға ниет жасап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

УЕФА-ның хабарлауынша , финалдық кезеңді қабылдауға ұсыныс жасау 2018 жылдың 12 қазанында басталып, 21 қаңтарда мәресіне жетті.

Белгілі болғандай, бүгінгі күндері аталмыш доп додасын өткізуге Қазақстаннан өзге Босния және Герцеговина, Литва, Голландия, Португалия, Франция және Швеция елдері де ниет танытты. УЕФА атқару комитеті финалдық кезеңді өткізу мүмкіндігіне ие болған мемлекетті 2019 жылдың 24 қыркүйегінде анықтайтын болады.

Аталмыш дүбірлі дода алғаш 1996 жылы өткізілді. 1999 жылдан бері әрбір екі жыл сайын жалауын көтереді. 2010 жылға дейін финалдық кезеңге сегіз құрама қатысатын болса, сол жылы олардың саны 12-ге жетті.

2022 жылдан бастап аталмыш дүбірлі доданы өткізу тәртібі өзгереді. Ол төрт жылда бір мәрте ұйымдастырылады. Оған қатысатын құрамалар саны 16-ға көбейеді.

Қазақстан Еуропа құрлығында 2002 жылдан бері сынға түсіп келеді. Сол жылы Қазақстан футбол федерациясы УЕФА құрамына қабылданды. Біздің құрама 2016 жылы қола жүлдегер атанса, 2018 жылы төртінші орынға табан тіреді.

Бұдан бұрын футзалдан 2020 жылғы Әлем чемпионатының алғашқы және негізгі сатыларының жеребесі тартылғанын хабарлаған едік.