Футзал: Қазақстан құрамасының қарсыластары анықталды
Қазақстан құрамасы аталмыш бәсекені негізгі сатысынан бастайды. Олар бесінші топқа орналасқан. Бұл топта әзірге біздің құрамадан өзге Румыния бар. Қалған екі қарсыласы жарыстың алғашқы сатысы өткеннен кейін анықталады.
Алғашқы саты келер жылы 29 қаңтар - 3 ақпан аралығында өткізіледі. Содан кейін G тобының жеңімпазы мен С тобында екінші орын алған құрамалар бесінші топты толықтырады. Айта кетейік, G тобында Нидерланды, Черногория, Болгария және Эстония, С тобында Македония, Албания, Грекия және Сан-Марино құрамалары бәсекеге түседі.
Қазақстан бұған дейін Әлем чемпионатының финалдық кезеңіне екі мәрте шыққан болатын. Алғаш 2000 жылы Гватемалада өткен бәсекеде А тобында Бразилиядан 1:12, Гватемаладан 5:6, Поруталиядан 2:6 есебімен жеңілді. Осының нәтижесінде өз тобында төртінші орын алды.
Ал 2016 жылы Колумбияда өткен аламанда Е тобында екінші орын иеленді. Алдымен Аргентинадан 0:1 есебімен жеңілгенімен, одан кейін Коста-Риканы 3:1, Соломон аралдарын 10:0 есебімен жеңді. Жарыстың 1/8 финалдық сатысында Испаниядан 2:5 есебімен жеңіліп қалды.
Жарыстың негізгі сатысы 2019 жылдың 22-27 қазан күндері өтеді. Бесінші топ ойындары Румынияда болады.
Әлем чемпионатының финалдық кезеңі 2020 жылдың 13 қыркүйегі мен 4 қазаны аралығында Литвада өткізіледі.
Естеріңізге сала кетелік, Әлем чемпионатының финалдық кезеңін өткізуге Қазақстан да ұсыныс білдірген еді. Сондай-ақ, осындай ниетін Коста-Рика, Иран, Жапония, Жаңа Зеландия және Біріккен Араб Әмірліктері білдірді. Нәтижесінде Литва дүбірлі доданы өткізу мүмкіндігіне қол жеткізді.
Айта кетерлігі, футзалдан Әлем чемпионаты 1989 жылдан бері өткізіліп келеді. Бүгінгі күнге дейін Бразилия 5, Испания 2, Аргентина 1 мәрте алтыннан алқа тақты.