G7 саммитінде Таяу Шығыс, жасанды интеллект және балалар қауіпсіздігі талқыланып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Францияның Эвиан-ле-Бен қаласында өтіп жатқан «Үлкен жетілік» (G7) саммитінде әлемдік қауіпсіздік, Таяу Шығыстағы ахуал, жасанды интеллект және балаларды интернеттегі қауіптерден қорғау мәселелері талқылануда.

Фото: PAP/EPA/BENOIT TESSIER/POOL

Саммитке G7 құрамындағы Канада, Франция, Германия, Италия, Жапония, Ұлыбритания, АҚШ көшбасшылары мен Еуропалық одақ өкілдері қатысып жатыр.

Шараға арнайы шақырылған қонақтар қатарында Украина президенті Владимир Зеленский, сондай-ақ Бразилия, Мысыр, Үндістан, Кения, Оңтүстік Корея, Қатар, Сирия және Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілдері бар.

Франция президенті Эмманюэль Макрон саммиттің ашылуында геосаяси тұрақсыздық жағдайында G7 елдерінің бірлігі ерекше маңызды екенін айтты.

«Бүгінде әлем бұрын-соңды болмаған сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Осындай жағдайда демократиялық мемлекеттердің өзара үйлесімді әрекеті мен ортақ ұстанымы жаһандық тұрақтылықты сақтаудың маңызды факторы болып қала береді. Сондықтан халықаралық қауіпсіздік, экономикалық тұрақтылық және технологиялық даму мәселелерінде ынтымақтастықты күшейту қажет», – деді Эмманюэль Макрон.

Саммит барысында АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен жақында жарияланған келісімнің егжей-тегжейін таныстырды. Бұл мәселе еуропалық көшбасшылар арасында қызу пікірталас тудырды. Бұған дейін Еуроодақ елдерінің басым бөлігі АҚШ пен Иран арасындағы уақытша бітім жөніндегі алдын ала келісімді қолдаған болатын.

Кездесуде сондай-ақ жаһандық экономика, маңызды минералдарды жеткізу тізбегінің тұрақтылығы, цифрлық қауіпсіздік және балаларды интернеттегі қауіптерден қорғау мәселелері қарастырылуда.

Саммит қатысушылары 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатын да назардан тыс қалдырған жоқ. Германия канцлері Фридрих Мерц АҚШ президенті Дональд Трампқа туған күніне орай Германия құрамасының «Donald Trump» және «47» деген жазуы бар жейдесін сыйға тартты.

Женева көлінің жағасындағы Royal Ermitage қонақүйінде өтіп жатқан саммит қауіпсіздік шаралары күшейтілген жағдайда ұйымдастырылуда. Үш күнге созылатын кездесудің қорытындысы бойынша G7 елдерінің ортақ ұстанымдарын қамтитын қорытынды коммюнике қабылданады деп күтілуде.