Трамп Иранмен алдын ала келісімге қол қойылғанын жариялады

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен соғысты тоқтату туралы алдын ала келісімге қол қойылғанын мәлімдеді және келісімнің егжей-тегжейлері «жақын арада» жарияланатынын шамалады, деп хабарлайды ВВС. 

Трмап
Фото: BBC

- Мен оған қол қойылғанын, келісімге толықтай қол қойылғанын айтуға қуаныштымын, - деді ол G7 саммитінде Франция президенті Эмманюэль Макронмен келіссөз барысында.

АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеуніктері де кей мәліметті ашып, Ормуз бұғазы жұма күні, яғни Женевада келісімге ресми қол қою жоспарланған күні қайта ашылатынын хабарлады.

Олардың айтуынша, Иранның ядролық бағдарламасы бойынша техникалық келіссөз осы аптада басталады деп күтіліп отыр, ал кез келген санкцияларды жеңілдету немесе активтерді босату Иранның келісім бойынша міндеттемелерін орындауына байланысты болады.

Вице-президент Джей Ди Вэнс дүйсенбіде CNN арнасына берген сұхбатында АҚШ пен Иран арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумның «шамамен бір жарым бет» екенін және жалпы құжат екенін мәлімдеді. Вэнс көптеген мәлімет болашақ келіссөз кезінде келісілетінін қосып өтті.

- Келіссөздің техникалық кезеңінде бірқатар мәсе бойынша егжей-тегжейлі мәліметтерді пысықтауымыз керек, бірақ меморандум ирандықтар келісім бойынша өз міндеттемелерін орындау арқылы келісімнен пайда көретініне негіз жасайды, - деді ол.

Вэнстің айтуынша, құжаттың бірінші пунктінде Иранның «аймақтық бейбітшілік пен тұрақтылықты» қамтамасыз етуге міндеттенетіні, бұл, оның сөзінше, «террористік ұйымдарды» қаржыландыруды тоқтатуды қамтитыны айтылған.

- Ең бастысы, олар ядролық қару жасамауға тексерілуге жататын міндеттеме алады, - деді Вэнс.

АҚШ шенеуніктері келісімге электронды түрде Трамп, Вэнс және Иран парламентінің спикері Мохаммад-Багер Галибаф қол қойғанын мәлімдеді. Олар сондай-ақ қосымша мәлімет сәрсенбіге қарай жариялануы мүмкін деп шамалады, Трамп болса келісімнің толық мәтіні жұма күнгі рәсімнен кейін жарияланатынын айтқан.

- Бұл өте маңызды құжат және мен оның жарияланғанын қалаймын. Сондықтан, мүмкін, жақын арада», - деді президент.

Бұл келісім атысты тоқтатуды тағы 60 күнге ұзартады, оның барысында тараптар соңғы келісімнің егжей-тегжейі бойынша келіседі.

Еске салсақ, Еуропаның жетекші елдері АҚШ пен Иран арасындағы келісімге қатысты үн қатты.

Сондай-ақ АҚШ пен Иран арасындағы келісімнен кейін мұнай бағасы төмендегенін хабарладық. 

Иран мен АҚШ арасындағы келісімнің егжей-тегжейі белгілі болды.