Ғаламторды бақылау барысында экстремистік мазмұндағы 10 852 материал анықталған

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда 40 мыңнан астам түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оларға еліміздің барлық өңірлерінен 1,5 миллионнан астам адам қатысқан. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлім етті.

Фото: Canva

— Басты назар діни экстремизмнің алдын алуға және оған қарсы іс-қимылды онлайн жүргізуге аударылды. Алты ай ішінде 17 мыңнан астам ақпараттық материал әзірленіп, оның 2 482-сі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды, ал әлеуметтік желілерде 60 мыңнан астам жарияланым орналастырылды. Ақпараттық жұмыс зайырлы құндылықтарды насихаттауға, конфессияаралық келісімді нығайтуға және экстремистік идеологияға қарсы тұра алатын тұрақты иммунитет қалыптастыруға бағытталған, — делінген хабарламада.

Интернет желісін бақылау нәтижесінде экстремистік мазмұндағы 10 852 материал анықталды, олардың 3 126-сы жойылды. Дінтану сараптамасы 2 мыңнан астам материалды зерделеді. Оның шамамен 70%-ының қорытындысы оң болды, ал 20%-ында діни мазмұн белгілері анықталған жоқ.

Жұмыстың маңызды бөлігі — діни қызмет саласындағы заңнаманы жетілдіру. 2025 жылдың қаңтарынан бастап «ескерту» институты енгізілді және ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы бойынша айыппұл мөлшері 50% төмендетілді. Сондай-ақ, діни әдебиетті тарату орындарын келісу тәртібі жеңілдетілді.

Бұдан бөлек, сенім бостандығы мен діни наным-сенімді бағалау бойынша Ұлттық индикаторлар бекітілді. Олар конфессияаралық қатынастардың, мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара байланысын, сондай-ақ интернеттегі діни белсенділік көрсеткішін анықтайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін министр Аида Балаева діни экстремизм мен терроризмді насихаттайтын 14 мыңнан астам материал жойылғанын хабарлаған болатын.