Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі мәліметінше, технология карботермиялық балқыту үдерісіне негізделген. Технология кенді кешенді өңдеуді және литий мен алюминий силикатының толық бөлінуін қамтамасыз етеді. Соның нәтижесінде литий концентратынан ФС45 маркалы ферроқорытпа да түзіледі. Бұл қорытпа металлургия өнеркәсібінде сұранысқа ие.
Технологияның арнайы таңдалған режимдерінің арқасында литий шлак құрамында химиялық белсенді күйде шоғырланады. Бұл өз кезегінде концентратты өңдеуді жеңілдетіп, одан литий тұздарын алуға мүмкіндік береді.
— Құрамындағы литий мөлшері төмен кендерді өңдеу нәтижесінде біз құрамында 12–14% литий оксиді бар концентрат аламыз. Бұл өнімдегі литий оксидінің мөлшері дәстүрлі тәсілмен алынатын ұқсас өніммен салыстырғанда екі еседен астам жоғары. Қолданыстағы технологиялар бойынша бұл кезеңде литий оксидінің мөлшерін 5-6%-дан жоғары деңгейге жеткізу мүмкін емес, — дейді жоба жетекшісі, техника ғылымдарының кандидаты Феруза Бердіқұлова.
Жаңа технологияның басқа да артықшылықтары бар. Олардың қатарына күкірт қышқылының агрессивті ерітінділерін пайдалану көлемін, қоршаған ортаға зиянды әсерін, өндіріс шығындарын азайту жатады. Әзірленген технология маңызды металдардың отандық шикізаттық базасын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін ШҚО-дағы литий кенін игеру жобасы қай кезеңде тұрғанын жазғанбыз.