Ғани Бейсембаев Қазақстанның оқу-ағарту министрі ретінде қандай істерімен есте қалды
АСТАНА. KAZINFORM – Ғани Бейсембаев Оқу-ағарту министрлігін 2023 жылдың 4 қаңтарынан 2025 жылдың 29 қыркүйегіне дейін басқарды.
Бүгін Мемлекет басшысы оны қызметінен босатты.
Ғани Бейсембаевтың жетекшілігімен ведомство мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім, қосымша оқыту мен балалардың құқықтарын қорғау салаларымен айналысты.
Ол үш ауысымды мектептер санын қысқарту мәселесіне назар аударды. Ғани Бейсембаевтың айтуынша, былтыр осындай мектептердің санын 70-ке қысқарту мүмкін болды. Бірақ үш ауысымдық мектептер әлі де Астанада, Алматыда және бүгінде жаңа нысандар көптеп салынып жатқан басқа бірқатар өңірде сақталған.
Былтыр елімізде 267 мың оқушыға арналған 232 жаңа мектептің құрылысы басталды, оның 83-і 1 қыркүйекте пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 111 нысанды іске қосу жоспарланған. Оған қосымша 245 мектепті жаңғырту қолға алынды.
Министр өз сөзінде жаңа мектептерді салу өңір экономикасына әсер ететінін айтты: тек педагогтер үшін 30 мың жаңа жұмыс орны пайда болады.
Сондай-ақ Қазақстанда бұрын-соңды болмаған жаңа үлгідегі мектептер салынып жатыр. Ұлттық жоба — білім беру жүйесінде тың әрі ауқымды инфрақұрылымдық бастаманы іске асырудың нәтижесі. Ғани Бейсембаев жайлы мектептерді «Келешек мектептері» деп атауды ұсынды.
Бұдан бөлек бұрынғы Оқу-ағарту министрі мұғалімдерді артық міндеттерден босатуға күш салды. Оның пайымынша, мұғалімнің ең басты міндеттерінің бірі – балаға сапалы білім беру. Ұстаз еш нәрсеге алаңдамауы тиіс.
Ғани Бейсембаев ведомствоны басқарған уақытта мектеп директорларының еңбекақысы өсті.
2023 жылы ол барлық мектеп күзет құралдарымен 100% қамтылатындығын айтты.
Сондай-ақ 2024 жылы Ғани Бейсембаев Қазақстанда 9 мектепте ғана дәретхана далада орналасқанын тілге тиек етті.
Оның айтуынша, бұдан үш жыл бұрын мұндай оқу орындарының саны 3 мыңнан асқан еді. Кейін министрлік 2025 жылдың соңына дейін мектептердегі дала дәретханалары жойылып, олардың орнына мектеп ішінде дәретханалар салынатындығын жеткізді.
Мектеп формасы және білім ордасына хиджабпен келу мәселесі бірнеше рет көпшіліктің талқысына түсті. Ғани Бейсенбаев: «2016 жылы бекітілген оқушылардың мектеп формасы мен киіміне қатысты бұйрық бар. Ол өзгерген жоқ. Сондықтан балалар білім ордасына мектеп формасымен келуі керек», - деп бұл мәселеге нүкте қойды.
Ол барлық білім беру ұйымдарына, оның ішінде жеке мектептерге де ортақ тәртіп ережелері қолданылатынын атап өтті. Егер заң бұзушылықтар туралы ақпарат түссе, министрлік оларды тексеруге дайын екенін мәлімдеді.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрі болып Жұлдыз Сүлейменова тағайындалғанын жазған едік.