Ғарыштан анық көрінетін ең ірі айсбергтердің бірі A-23A-ның түсі неге өзгерді

Фото: NASA

АСТАНА. KAZINFORM — Ғарыштан көрінетін әлемдегі ең ірі айсбергтердің бірі A-23A ашық көк түске енді. Бұл түс айсбергтің жақын арада, яғни бірнеше күде немесе апта ішінде ыдырауы мүмкін екенін көрсетеді, деп жазды неміс басылымы DW.

NASA астронавты өткен жылдың 27 желтоқсанында Халықаралық ғарыш стансасынан осы суретті түсіріп алған. Салыстыратын болсақ, 2023 жылғы қарашада түсірілген фотода айсберг толығымен ақ түсті екені көрінеді.

Фото: NASA

A-23A айсбергі 1986 жылы Антарктидадағы Фильхнер шельфтік мұздығынан бөлінген. Сол кезде оның ауданы шамамен 4000 км², яғни Нью-Йорктен үш есе, ал Лондоннан екі есе үлкен болған. 37 жылдан кейін айсберг дрейф жасауға кірісті. Қазіргі уақытта оның ауданы 1182 км²-ге қысқарды.

A-23A-ның соңғы фотосуреттері ғалымдарды шындап алаңдатып отыр. Ашық көк беті, яғни мұздың үстіндегі көк түс еріген су көлшіктерін білдіреді. Бұл айсбергтің жылы аудандарға жылжуы кезінде ыдырап жатқанын, әсіресе Оңтүстік жарты шарда қазір жаз мезгілі екенін көрсетеді.

Еске сала кетсек, Антарктидадағы Хектория мұздығы екі айда 8 шақырым артқа шегінгенін жазған едік.

Ал Антарктида суларын алғаш жүзіп өткен қазақ қызы туралы мына жерден оқи аласыз.